"Пятактар" жанатын тас пен жанбайтын тасты араластырып сата береді

5281

"Энергетика министрлігі бұл жағдайды бақылай алмайды"

"Пятактар" жанатын тас пен жанбайтын тасты араластырып сата береді

Астана қаланы тұмшалаған түтінге қақалып, тұмау мен демікпеге қатар ұшырағандай күй кешіп жатқанда, қала маңы түтінді ары қарай қоюлата түсер отынның тапшылығына ұшырап, "бастан құлақ садаға" жағдайға түскен. Содан шеткі аудандар мен ауылдар тұрғындары көмірдің жетіспей жатқанын және отын үшін ұзынсонар кезекке тұру қажет екенін айтып, әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарынан бастап, қолжетімді жердің бәріне арызбен жүгінген.

Бұған қала басшылығы жедел үн қатып, көмір тапшылығы жоқ екенін  жариялады. Астана әкімдігінің хабарлауынша, жаңа жыл басталғалы бері елордаға 321 672 тонна көмір жеткізілген. Соның арқасында көмір тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түсіп қалған.

"Әкімдіктің қауырт желі ұйымдастыруының, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі ақпараттандыру жұмыстарының нәтижесінде тұтынушылар көмірді делдалдардың қосымша үстемелеуінсіз, тікелей сатушылардан қолжетімді бағамен алуда", – деп хабарлады әкімдік. Бұл ретте тұрғындар арасында "Шұбаркөл" көмірі ең үлкен сұранысқа ие екендігі атап өтіледі. Сондықтан қала басшылығы дәл осы көмір түрінің  көбірек жеткізілуіне ден қойған көрінеді.

Шұбаркөлдік қатты отынның бір тоннасы 2017 жылғы желтоқсанда жеткізу құнын есептемегенде, 11 500 теңгені құраған еді. Алайда бұл бағаны шенеуніктер ұстап тұра алмаған.  

"2018 жылдың 4 қаңтарынан бастап, Шұбаркөл көмірінің бағасы тағы 1000 теңгеге қымбаттады. Бұған оның тауар биржасындағы саудалану құнының көтерілуі, сондай-ақ жанар-жағармай, техника амортизациясы, теміржол вагондарын станциядан тұйыққа және кері бағытта жеткізу бойынша маневрлік жұмыстар құнының өсуі ықпал етті", – деп түсіндіреді Астана әкімдігі.  

Мұндағылардың мәліметінше, қала бойынша 15 көмір сату бекеті жұмыс істеуде, соның жетеуі ірі бекет болып табылады. Бұдан бөлек, коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікті қамтамасыз ету үшін көмірді қабылдайтын 20 жүк бекет жұмыс істейді.  

"Бұл сала нарыққа берілген. Біздің ресми отын базамыз жоқ. Себебі шеткі аудандардың өздеріне тиесілі теміржол тұйықтары жоқ. Дегенмен Қосшыда да, Талапкерде де бөлінген орындарда көмір тиелген көліктер тұрады. Қатты аяздың қысуына байланысты қандай да бір қиындықтар болған шығар, бірақ машиналар бес-оннан қазір де тұр", – деді журналистерге берген сұхбатында Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Бақытбек Оспанбеков.

Аудандық әкімдіктің дерегінше, Қараөткел ауылында шұбаркөлдік көмір жеткізу құнымен бірге 17 500 теңгеден, Қосшыда – 16 500-17 000, ал Талапкерде –18 мың теңгеден сатылуда.

Астана әкімдігінің ақпараты бойынша, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясымен уағдаластық аясында Шұбаркөл разрезінен елордаға күн сайын 14 вагон көмір артылып отырады екен. Сондай-ақ "Қаражыра" маркалы көмірді жеткізушілермен де келіссөздер жүргізілген. Осылайша қатты отынға қатысты тапшылық пен дүрбелеңнің "беті бері" қаратылыпты.           

Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова да ауа температурасының 40-тан -45 градусқа  дейін төмендеп, күннің күрт сууына байланысты қала тұрғындары көмірді үлкен көлемде пайдаланғанын айтады. Осыған қала басшылығы алдын ала дайындалып, ERG және ҚТЖ ұйымдарымен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде аяз қысқан апта көлемінде Шұбаркөл көмірінің 70-75 вагоны әкелінген.

Қалабасы Әсет Исекешевтің дерегінше, қазір барлық ірі қуат көздері отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілген.

"Жылыту маусымының өтуіне қатысты барлық мәселелер апта сайын қалалық штаб отырысында қаралады. Тұрғындардың шағымдары мен өтініштері "айрықша бақылауда" ұсталады", – дейді әкім. 

Бірақ сонымен бірге  көмірдің сапасына қатысты мәселе қалып тұр. Тіпті салмағын арттыру үшін көмірдің жай таспен араластырылып сатылу проблемасы бойынша энергетика министрлігіне түсініктеме беруге тура келді. Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің айтуынша, шынында, алақол сатушылардың көмірге тас қосып сату дерегі орын алуда, бірақ министрлік бұл жағдайды бақылауға ала алмайтын көрінеді. Шенеунік тұтынушыларға бұл жерде өз құқықтарын өздері қорғауға кеңес береді.

"Рас, мұндай шағымдар бар. Олар халықтан да келіп түсуде. Үш күн бұрын "Согринская ЖЭО" ЖШС-ы, "Өскемен ЖЭО" (Усть-Каменогорская ТЭЦ) ЖШС-ы секілді энергетикалық кәсіпорындар да дәл осындай шағым айтты. Біз бұл мәселелердің байыбына баруға тырысудамыз. Көмір өндіруші кәсіпорындардың барлық өкілдерін өзімізге шақырдық. Әйткенмен тастың араласуы тау-кен өндіру жұмыстарының ерекшеліктерімен де байланысты болуы ықтимал", – деді вице-министр.

Қазақстанда бұл салада нормалар мен стандарттар нақты белгіленген,  жеткізілетін көмір соларға сәйкес келуге тиісті. Тек ол талаптарды бұзғандарға қолданылатын шара аз.  Энергетика вице-министрі сапасы жасанды түрде төмендетілген көмірді алған тұтынушылар мен тапсырыс берушілер сотқа шағымданып, осы кәсіпорындармен арада бекітілген келісімшарттар негізінде талап-арыз түсіру жұмыстарын жүргізулері және шығындарын солардан өндірулері тиістігін жеткізді.

Әрине  бірер тонналап не қапшықпен көмір сатып алатын бұқара өкілдері көмір өндірушілермен ешқандай келісімшартқа отыра алмайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан Бақытжан Жақсалиев облыс әкімдеріне өтінішпен қайырылып, жергілікті биліктен халыққа бөлшек саудамен өткізілетін көмірдің сапасын бақылауда ұстауды сұрапты. Бірақ әкімдердің де ондай құзыры жоқтығы мәлім. Неге? Себебі саланың екі тізгін, бір шылбыры нарыққа берілген. Демек тас араластыра ма, құм қоса ма, разрездер мен саудагерлердің өз еркі.

"Кейде біздің ақырғы тұтынушыларға, пеште көмір жағып, үйін жылытатын халыққа сапасы төмендетілген көмірді сатып жатады. Ал кейде басқа көмірді бөгде маркамен сатады. Мәселен  көмірдің сапасы нашар басқа түрін Шұбаркөл көмірі ретінде саудалайды, ол үшін шұбаркөлдік көмірдің құнын алады", – дейді бас энергетиктің орынбасары.     

Оның байламынша, мұндай сорақылықтарға көмір тиелген жүк көліктері жиналып, отын сататын орындарда жол беріледі (ол орындарды жергілікті шенеуніктер "пятак" деп атайды). Себебі  олардағы сауданы бақылау қиын. Бірақ бұған тыйым салуға да болмайды екен, өйткені сол "пятактар" арқасында әкімдіктер көмір тапшылығымен күреседі. Яғни, "олай тартсаң өгіз өледі, бұлай тартсаң арба сынады".

"Олардағы көмір сапасын қадағалау қиын. Өйткені көмірді солай сататын трейдерлердің желісі тым кең таралған. Әрине  бұл жөнсіздіктің жолын кесу қажет-ақ. Алайда кесіп айта аламын, энергетика министрлігі бұл жағдайды бақылай алмайды. Оны бәрібір жергілікті атқарушы органдардағы әріптестерімізге бақылауға тура келеді", – деп сырғытады вице-министр.  

Жергілікті тұрғын Геннадий Шулин арамза сатушылар  кен орнынан жаңа жеткізілген сапасы жоғары шұбаркөлдік көмірді тұйықтарда үйіліп жылдар бойы жатқан ескі көмірмен араластырып сатуы мүмкіндігін айтады.  

"Мұны "килишевать" деп атайды. Жүк көлігіне алдымен жарамсыз ескі көмір артылады, оның үстіне жаңа отын төгіледі. Ондай көмір жанбайды, түтіні де көп болады. Тұтынушыларды аяйтын ешкім жоқ. Бағасы да удай, нағыз Шұбаркөл көміріндей сатады ғой. Ал халықтың оның сапасын тексеретін жағдайы да жоқ. Адамдар қопарып, астындағысын көре алмайды, беті жылтыраған соң, жаңа деп ойлайды. Бұл "химияға" қашан тосқауыл қойылады!" – деп қынжылады ол.

Мамандар да ұзақ жатқан көмірдің ұсақталып, сапасын жоғалтатынын айтады. Ал егер оны жаңа көмірге қосса, отынның барлық құрауыш-компоненттері нашарлайды. Ондай көмірдің қызуы да болмайды.  

Жалпы, тапшылыққа еш негіз жоқтай. Өнімі елімізде де, сыртта да кең сұранысқа ие Шұбаркөл кеніші орналасқан Қарағанды өңірінде былтыр өндіріс өскен: егер 2016 жылы 28 млн көмір шығарылса, 2017 жылы бұл көрсеткіш тағы 2 млн-ға артыпты. Оны өңірлерге жеткізу көлемі де жоғарылауда: егер жылыту маусымы басында тәулігіне 120 вагон көмір жөнелтіліп отырса, қазір ол сан 190 вагонға дейін жеткізіліпті.

Сонымен бірге, күлі аз, ұзақ жанатын және үлкен көлемде қызу бөлетін шұбаркөлдік көмірді көрші Ресей мен Қырғызстан көптеп және жоғары бағамен өздеріне әкетуге құлшынуда. "Кыргызкомур" мемлекеттік кәсіпорны жақында Қырғызстанның барлық өңірлерінде қазақстандық Шұбаркөл көміріне сұраныс артқанын, соның нәтижесінде тапшылық туындағанын мәлімдеді.

"Шұбаркөл көмірін жеткізушілер әкелмей жатыр. Өйткені қазақтар онымен өз нарығын қамтамасыз етуге тырысуда. Қамтып болғаннан кейін кезек бізге тиіп, сапалы көмір келе бастайды деп күтудеміз", – деді "Кыргызкомур" өкілдері. Қырғызстанның ұлттық энергетикалық холдингінің басшысы Айбек Қалиевтің айтуынша, 2018 жылы қырғыз елінің қазақстандық көмірге деген тәуелділігі арта түспек. Себебі еуразиялық одақ аясында қабылданған ереже бойынша енді тендер жариялаған кезде жеткізуші елдің емес, тек көмірдің сапасы ғана көрсетілетін болады. Салдарынан  Қырғызстан "Кара-Кече", "Беш-Сары" секілді төл көмір өндірушілерін қорғай алмай қалады.

Шұбаркөл көмірін Жапония мен Польша да бізден ала бастады. Бұл ретте ол елдер тек ең сапалы бөлігін әкететіні белгілі. Шетелдік нарықты игерген жақсы. Бірақ бұдан ішкі нарық, отандық тұтынушылар зардап шекпегені жөн.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу